Киелі орындар халықтың ұзақ та тарихи оқиғаларға толы өмірін, ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігін баяндайды. Тарихқа толы сырлары бар. Жуалы ауданы Қазақстанның киелі жерлерінің бірі болып саналады. Осы өңірде орналасқан Жылқышытөбе (Барқуаб) қонысы бірқатар тарихшылар мен саяхатшылардың еңбектерінде айтылады. Зерттеуші А. Байбатша Ұлы Жібек жолының негізгі желісі Теріс өзенінің бойында орналасқан қалалар мен бекіністер арқылы Түркібасыға, Мыңбұлақ (Абарджаж), Арыс өзені бойындағы Шақпақ жоталары арқылы өтетінін айтады. X ғасырдың басында араб географы Ибн Хордарбектің «Жолдар мен Өлкелер» атты кітабында Испиджабтан Шарабқа дейінгі қашықтық (4 фарсах) 24 шақырым болып көрсетілген. Осы жерден Бедухкетке (Будахкет) дейін (5 фарсах) 30 шақырым. Ол жерден Темтакқа (Түркібасы) дейін (4 фарсах) 24 шақырым, одан Абаркакқа (Мыңбұлақ) дейін (4 фарсах) 24 шақырым, одан өзен жағасындағы Мензилге дейін (6 фарсах) 36 шақырым. Абаркак (Абарджаж) деген жерде мың бұлақ (бұлақтар) бар және бұл бұлақтар шығысқа қарай ағады. Шығысқа қарай ағатын бұл бұлақтар «Беркуваб» деп аталады. Бұл сөз «балықтың түсі бірте-бірте қараланып барады» дегенді білдіреді және «Теріс» деген мағынаны білдіреді.
985 жылы Әл-Макдиси: «Бұл ортағасырлық қалашық бір қатарда орналасқан төбелерден тұрады» деп жазды. Белгілі тарихшы-ғалым Василий Бартольдтың 1897 жылы Ұлы Жібек жолы бойындағы саяхаты кезінде бұл аймаққа келгені туралы деректер бар. Ол Қазақстанның оңтүстігінен Верный қаласына дейінгі көне қалалар мен бекіністерді аралап, жолда ежелгі Жылқышытөбе қонысын (Баркуаб) тамашалаған. Одан кейін 1940 және 1970 жылдары елді мекенге археолог-тарихшы Героним Пацевич, сонымен қатар Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Ә. Марғұлан атындағы археология институтының археолог-тарихшылары келді.
Жуалы ауданы Теріс ауылынан шығысқа қарай 800 м, Бақалы ауылынан (Қызылдихан) солтүстік-батысқа қарай 300 м жерде, Теріс өзенінің оң жағалауынан 230 м қашықтықтағы биік террасада XIX ғасырда Баркуаб деп аталатын елді мекенді В.В. Бартольд пен В.А. Каллаур зерттеген. Бурнооктябрьск (Баркуаб) қалашығы жайлы алғашқы мәліметі әйгілі шығыстанушы В. 1893-1894 жылдары іссапармен Қазақстанның оңтүстік аудандарына келген әйгілі шығыстанушы В.В. Бартольд берген. Орта Азияның ортағасырлық тарихын, соның ішінде Қазақстанның тарихын араб, парсы, түрік, соғды, т.б. тілдерде жазылған жазба деректер негізінде түгендеп 9 томдық еңбек жазып кеткен ғалым сол сапарында атқарған зерттеулері жайлы «Отчет о поездке Среднюю Азию с научной челью в 1893-1894 гг.» атты қомақты мақаласында жариялаған. Осы мақалада Теріс өзенінің бойындағы ортағасырлық қала орындары жайлы алғаш айтқан. 1940 жылы Жамбыл археологиялық пунктінің басшысы Г.И. Пацевич елді мекеннің бірнеше жерінде археологиялық барлау қазбаларын жүргізді. Г.И. Пацевич Теріс өзенінің оң жағалауындағы Бартольд айтқан үш қалашықтың орындарын анықтап, олардың орналасқан жерін, топографиялық құрылымын сипаттап, жобасын қағазға түсірген. Үстінен табылған ыдыс сынықтары негізінде қалашықтардың өмір сүрген уақытын шартты түрде көрсетіп, мемлекеттік есепке алған. Ескерткіштерге сол кездегі жергілікті мекеннің аталуы бойынша Бурнооктябрьск 1, 2 және 3 деп құжат толтырған. Сол кезде Х-ХІІ ғғ. мерзімделген Бурнооктябрьск-2 және ХІ-ХІІ ғғ. мерзімделген Бурнооктябрьск-3 қала орындары кейіннен шаруашылық жұмыстары мен ауыл құрылыстары барысында жойылып кеткен. Бұл күнде Бурнооктябрьск-3 егістіктің, ал Бурнооктябрьск-2 ауыл үйлерінің астында жатыр.
Г.И. Пацевич үстінен табылған ыдыс сынықтары негізінде VІІ-ІХ ғғ. мерзімдеген Бурнооктябрьск-1 (Баркуаб) қалашығында бірнеше маусымда жүргізілген қазба жұмыстары барысында биіктігі 17-18 м. болатын төбенің астында екі қабатты (алғашқы болжау бойынша), көп бөлмелі құрылыс кешенінің орны анықталды. Құрылыс шамамен 90% сақталған. Төбенің жоғарғы бөлігінен қабырғалары қалың (2-3 м), биіктігі 2,5-3,5 м биіктікте сақталған 6 бөлме ашылды. Орталық бөлмелері батыстан шығысқа қарай ұзын жағымен созыла қатар салынған. Төбесі күмбезделіп жабылған. Өкінішке орай жоғарғы жабыны құлап кеткен. Дегенмен, кей жерлерінде қабырғаның иығынан иілдіре қырынан қаланған жабынның бөліктері сақталған. Оларды еппен орнына келтіріп, сауатты сәйкестендіру арқылы бастапқы қалпына келтіруге болады. Қазіргі кезде 1 және 6 бөлмелердің опырыла құлаған еденінің астынғы жағындағы төменгі қабаттың бөлмелері ашылып жатыр. Бөлмелердің жоғарғы жағында күмбезделіп жабылған жабынының құламай қалған бөліктері анық байқалады. Қалыңдығы 2 м, биіктігі 3-3,5 м болатын қабырғалардан түзілген үстіңгі қабаттағы ауыр құрылысты көтере алмаған кешен кезінде оңтүстікке қарай қисая отырған. Сол себепті бөлмелердің ішкі жағынан қосымша қорғау қабырғалары тұрғызылған. Бірнеше бөлмеде қабырғаға тақап қаланған осындай қорғау қабырғалары анықталды.
Ұлы Жібек жолының Әулиеатадан батысқа қарай Шымкент өңіріне дейін зерттеу жұмыстарын жүргізген В. Каллаур (1896-1903 жж.) Теріс өзені бойындағы ортағасырлық елді мекендер мен қалалардың орнында болып олардың аттарын тарихи жазба деректерде аталған қалалармен сәйкестендіру туралы мәселені көтерді.
1978 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық экспедициясы (К.Байбосынов) Жуалы ауданында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бұрын ғылымға белгісіз болып келген 32 ескерткіштің орнын анықтаған. 2000 жылы Археология институтының археологиялық экспедициясы ескерткіштің есебімен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ә. Марғұлан (Қ. Байпақов, Д.А. Лобас) атындағы археологиялық институты Жуалы ауданындағы ескерткіштерді мемлекеттік тізімге енгізу кезінде Теріс өзені жағасындағы Бурнооктябрь қалашығының тарихи-топографиясы мен сипаттамасын жасады. 2013 жылы елді мекенді «Археологиялық сараптама» ЖШС экспедициясы зерттеді.
2018 жылдың 24 маусымынан бастап «Қазгеоархеология» ЖШС көне қалашықта археологиялық зерттеу жұмыстарын бастады. Екі жылдай жүргізілген қазба барысында ашылған кешеннің оңтүстік және батыс шетінде қатар жатқан бес бөлменің солтүстік-шығыс шетін алып жатқан бөліктегі жалғасы анықталды. Шығыс шетінде болуы мүмкін деген кешеннің негізгі есігін табу басты мақсат болды. Қазба жұмыстары кезінде кірпіштен салынған үйдің қабырғалары, оның ішінде әр түрлі ыдыстардың қалдықтары табылды. Тұтас қыш ыдыстар, керамика сынықтары, астық ұнтақтағыштар, тас диірмен тастары табылды. Кешеннің орталық қақпасы ашылды. Орталық қақпаның шығыс шетінен 2020 жылы анықталған құдық 13,5 м тереңдікке дейін қазылды. Кешеннің қазылған бөлігін қорғау және сақтау жұмыстары жүргізілді.
Бірінші қаланың орны – Теріс өзенінің оң жағасында. Бұл – әр түрлі деңгейлі төрт бөліктен тұратын, бұрыштары жұмыр, төртбұрыш тәріздес төбе. Оңтүстік алаң ең аласасы, биіктігі 2 м, аумағы 27 х 55 м. Екіншісі тиісінше 5,5 м, 50 х 25 м; үшіншісі – 15,5 м, 12 х 18 м. Осыған іргелес 4-алаңның аумағы 90 х 70 м, ол төбенің оңтүстік шетінен келіп қосылады. Үш жағынан қоршаған қорған қалдығының биіктігі 0,3 – 0,5 м. Мұнараларының сақталған бөліктерінің биіктігі. 2 м. Б.з. VII -X ғасырларына жататын қаланың жалпы ауданы 16000 м². Екінші қаланың орны (XI-XII ғасырларға жатады) алғашқысынан батысқа қарай 1 км жерде. Оның орнының солтүстік жағының ұзындығы 102 м, оңтүстігі 120 м, шығысы 115 м, батысы 110 м. Айналасы биіктігі 2-3,5 м қорғанмен қоршалған. Шахристан қаланың оңтүстік-шығыс шетінде орналасқан, ауданы 260 х 220 м. Қорғаныс қабырғалары мен бұрыштарындағы күзет мұнараларының орындары сақталған. Қалаға кірер қақпалары шығыс және батыс қапталдарында. Үшінші қаланың орны алғашқы екеуінің аралығында, төбе цитадель, шахристан және рабадтан тұрады. Шахристанының әр қабырғасы шамамен 50-60 м-дей, сегіз бұрышты. Цитаделі шахристанның ішкі жағында, солтүстік қабырғасына жақын орналасқан. Оның аумағы 27 х 32 м. Шахристанның бұрыштарындағы мұнаралардың орны сақталған. Рабад шахристанның солтүстік және солтүстік -шығыс шетінде. Ол қисық төртбұрыш тәріздес, аум. 300 х 180 м, айнала қоршаған бекініс қабырғасы қалдығының биіктігі 2 м. Табылған заттай деректер қаланың XI-XII ғасырларда болғанын көрсетеді.
Жамбыл облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының мамандары Баркуаб қалашығы туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып, мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырады. Алдағы уақытта туристерді тарту мақсатында қалашық орнында аспан астындағы музей жасау жоспарлануда.
Мұнда өмір сүрген халықтың егіншілікпен және балық аулаумен айналысқанын көрсететін көптеген деректер де табылды. Бұл қаланың қалдықтары әлі толық зерттелмеген. Айта кетерлігі, көне Барқуаб қалашығы Жамбыл облысының киелі жерлерінің тізіміне, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстігіндегі Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағының негізгі туристік нысандарының тізіміне енгізілген.
Нағашбекова Сәния Мекемтасқызы
«Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау
және қалпына келтіру дирекциясы» КММ
Ғылыми қызметкер