«Күйеуімді сүймеймін». Мына жас келіншек не деп отыр?

0 94

Менің жасым 27-де. Жоғары білімім бар. Бірақ қазір үй шаруасындағы әйелмін. Күйеуімнің басында баспанасы болмағандықтан әзірге менің ата-анамның үйінде тұруға мәжбүрміз, деп жазды kaz.365info.kz.

 

Екі бөлмеде әке-шешем, мен жолдасыммен, екі баламыз бар. Екі бөлме тар, әрине.

Бар мәселе – күйеуімді сүймеуімде болып тұр. Бірақ балаларымды әкесінен айырғым келмейді.

Оның үстіне, қазір жұмыс істемегендіктен күнім Асланға қарап отыр. Ал психологиялық тұрғыдан анама тәуелдімін. Кез-келген мәселеде «мамам не дер екен», деймін, өз бетімше шешім қабылдай алмаймын. Сондықтан бүгінгі өмірім мені еш қанағаттандырмайды.

Сүреңсіз, еш қызығы жоқ өмір өтіп жатыр.

Күйеуге шыққанда бәрі жақсы сияқты көрінген

Оның үстіне, Асланға бұрынғы жігітіме ерегесіп тиген едім. Бұрынғым жұмыс барасымен іссапарға жиі шығатын. Мен оны сағынып, қатты қызғанатынмын. Жұмыс ауыстыр деп шарт қойғанымда, ол келіспеді. Осындай болмайтын нәрсеге ұрсысып, менің жасағаным осы болды.

Енді міне, жүрмін, бармағымды тістелеп. Өзімнен-өзім ашуланшақ болып, бар нәрсеге көңіл толмаушылығым көбейді.

Асланмен төсек қатынасына мүлдем түскім келмейді. Онымен бір төсекте жатқым да келмейді.

Сөйлеген сөздері, иісі, киінгені, жүргені, жуынғаны – бәрі жынымды келтіреді. Жанында жүруге, күйеуім деуге ұяламын. Не істесе де, жек көріп отырамын. Суқаным сүймейді оны.

Негізі, бұлай болмауы керек еді. Қателестім. Өзімді қинамай, одан кеткім келеді. Бірақ енді жалғыз өмір сүруге де қорқамын. Екі баламен қайтадан өмір бастауға батылым жететін емес.

Асланға сүймейтінімді айтып едім, маған бәрібір дейді…

Өмірімді күрт өзгертіп, мән кіргізетін бір адам кезіксе ғой, шіркін!

Ақшаны молынан тауып, қалағанымды ала алатын жағдайым болса ғой шіркін!

Бәлкім, мені еркекті пайдаланғысы келетін есепшіл, пайдакүнем дерсіздер. Жоқ, олай емес! Тек мына біртекті, сүреңсіздіктен құтқаратын адам болса екен деймін.

Тіпті көзіме шөп салса да үндемес едім. Ажарлы келбетім бар, білімім бар, мен мұндай өмірге лайық емеспін. Көмектесіңіздерші!

 

Аяжан Төрехан

Leave A Reply

Your email address will not be published.