Басты құпияларын жұртқа жариялаған Қайрат Нұртас, енді өзге де сырларымен бөлісуге келгенде тосылмайтын болды, деп хабарлайды НТК.
Таяуда төрт перзентін тыңдарманға таныстырған әнші, кей концерттерімде бейтаныс біреулердің мазағы мен сынағына тап болатынмын деп еске алды. Ал, мұндай жайсыз жағдайға тап болған хитмен, тығырықтан қалай шықты?!
Қайрат Нұртас, әнші:
-Мысалы болды менде талай ситуациялар. Біреулер сахнада тұрып, айғайлаған кездер болды. Біреулерге «Қалай, кеш керемет өтіп жатыр ма?» — десем, онша емес дейтіндер де болды. Сол кезде мен тұрып: «Неге онша емес? Сізге ұнамай тұр ма?» — деп қасына барамын. «Олай болса келесі әнді сізге арнап берейін. Менің қандай әнім сізге ұнайды?» — деп алдап жіберсең, ол бір ашылып жақсы болып тұрады да.
Қайрат қытығына тиетін қыңыр мінезді кей жандардан, дәл осылай айласын асырады екен. Өйткені, қарапайым қарашамен дауласудың орынсыз екенін өнер иесі жақсы біледі. Ал, сүйікті әншісімен суретке түскісі келген тыңдарманнан, теріс айналатын әріптестеріне хитмен қатты қапалы…
Қайрат Нұртас, әнші:
-Менің әншілерге айтатыным, алдай салу керек. Жәй алдай салу керек. Ол болмаса сен кімсің? Ол сені Қайрат деп көтеріп жатқанына, сенімен суретке түсіп жатқанына риза болу керек. Сенімен ешкім түспей қойса не істейсің ал? Жан-жақта қалып, тұрып қаласың босқа. Оның бәрі еңбек. Мен осыған жеттім. Қазір енді түсу, былайша айтқанда менің парызым.
Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, алғысын алудың құпиясы осында. Қайраттың тағы бір жұртқа беймәлім қырын жұбайы Жұлдыз жария етті.
Жұлдыз Әбдікәрімова, Қ. Нұртастың жұбайы, актриса:
-Байқаймын, сахнада көп арқасы қозады Қайраттың. Дайындықта мен кейде Қайраттың беріліп, дайындалатынын сезбеймін. Бірақ концертте, сахнада, елдің алдына шыққан кезде ерекше бір құлшыныспен шығады.
Қайрат Нұртас, әнші:
-Біреулерге 1000 теңгенің өзін табу қиын. Қаншама кісі 1000-2000 теңгеге билетін алып келіп, арманым осы Қайратпен бір рет суретке түсіп алсам екен деп келеді. Ал сол арманын бір орындай салсаң, ол мәңгі бақи сені мақтап сол жерде, ол 10 адамға айтады, 10 адам 100 адамға айтады. Солай-солай халықтың алдында, әйтеуір дұрыс әңгімеде боласың да.